Елордада өтіп жатқан айтулы жарыста К. Алькарас негізі даниялық Хольгер Рунемен кездесуі керек еді. Алайда, Х. Руне Астанаға келмей қалды да, оның орнына іріктеу сайыстарынан өте алмаған әлемнің 66-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффен шықты. Д. Гоффен күтпеген жерден әлемнің бірінші ракеткасын 7:5, 6:3 есебімен ұтып кетті.
Бельгиялық спортшы екінші айналымда әлемнің 51-ракеткасы, франциялық Адриан Маннариномен шеберлік байқасады.
Турнирдің екінші күні, сондай-ақ қазақстандық, дүниежүзілік рейтингіде 221-орында тұрған Михаил Кукушкин әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципасқа жол берді – 3:6, 4:6.
Ресейлік, рейтингіде 103-сатыдағы Павел Котов әлемнің 31-ракеткасы, испаниялық Алехандро Давидович Фокинаны қапы қалдырды – 6:4, 6:4.
Бүгін Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик кортқа шығады. Оның қарсыласы – рейтингіде 54-орындағы нидерландылық Таллон Грикспур.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Чехияда әлемнің 17-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz