АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Astana Open ATP 500 турнирінің іріктеу сайыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Александр Недовесов негізгі жарысқа өте алмады.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында қытайлық Чжичжень Чжанға есе жіберді - 6:7 (5:7), 3:6.
Бірінші партияда есеп 5:4 болған мезетте Александр сетболын пайдалана алмады. Содан кейін тай-брейкте қарсыласы сәтті ойнады.
Негізгі турнирге әлемнің 65-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенді италиялық Лука Нарди ұтты. Отандасы Павел Котовты сүріндірген ресейлік Александр Шевченко, сондай-ақ түркиялық Алтуг Челикбилекті жолдан тайдырған әлемнің 72-ракеткасы, сербиялық Ласло Джере негізгі додаға жолдама алды.
Astana Open ATP 500 жарысы ертең басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Тимофей Скатовтың Лиссабон турнирінің финалына өте алмағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ канадалық теннисші Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екендігін айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).