«Астана Опера» барша астаналықтар мен елорда қонақтарының сүйікті өнер ордасына айналады - М. Құл-Мұхаммед

АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - «Астана Опера» қаланың тағы бір айшықты символы ғана емес, барша астаналықтар мен елорда қонақтарының сүйікті өнер ордасына айналады.

Бұл пікірді бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед білдірді.

Оның пайымынша, опера және балет театрының тұрғызылуы ол салынған елдің мәдениеті саласындағы ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың мәдени өміріндегі айтулы оқиға ретінде бағаланады. Мәселен, дамыған, бақуатты Еуропаның өзінде ХХІ ғасырда небәрі 2 опера театры ғана салынды. Оның алғашқысы 2005 жылы Копенгагенде, ал екіншісі 2008 жылы Осло қаласында бой көтерді.

«Енді бірнеше күннен кейін өнер сүйер қауымға есігін айқара ашатын «Астана Опера» өзінің классикалық, архитектуралық келбеті және театрға арналған осы заманғы техникамен жарақтандырылуы жағынан әсем Астананың тағы бір айшықты символы ғана емес, барша астаналықтар мен елорда қонақтарының сүйікті өнер ордасына айналатындығына кәміл сенемін», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, бұл Қазақстандағы опера мен балет сияқты өте күрделі қойылымдарды осы заманның ең биік талаптары тұрғысынан жүзеге асыруға бағытталған бірегей театр.

«Өйткені опера және балет театрының қойылымдарына жүзден астам адам қатысып, оларды хор, оркестр және балет труппасы сияқты ұжымдар жүзеге асырады», - деді М.Құл-Мұхаммед.