«Астана-Опера» боранға байланысты билеттерді ауыстыруға дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін кешкі сағат 19.00-де «Астана Опера» театрының үлкен залы сахнасында француз композиторы Жорж Бизенің атақты «Кармен» операсы өтеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауа райының күрт нашарлауына байланысты театр әкімшілігі бүгін өтетін спектакльге билеттерді ауыстыруға дайын», - делінген театрдың ресми xабарламасында.

Баспасөз қызметкерлерінің айтуынша, бүгінгі спектакльге келе алмағандар билетті 19 қаңтарға дейін афишада көрсетілген кез келген қойылымға айырбастай алады. Алайда ол қойылымға бос орын болуы шарт. «Кармен» спектакліне сатып алынған билеттерді «Астана Опера» театрының кассасында ауыстыруға болады. Ал билеттер ticketon.kz сайты арқылы сатып алынса, билетті онлайн режимде ауыстыруға мүмкіндік бар», - деп атап көрсетті театрдың баспасөз қызметі.