«Астана Опера» елордалықтарға «Армысың, әз Наурыз!» концертін тарту етеді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктемгі жаңару, қайта түлеу, достық пен бірлік мерекесіне орай «Астана Опера» театрының негізгі сахнасында 22 наурызда «Армысың, Әз Наурыз!» салтанатты шарасы өтеді, деп хабарланған театрдың сайтында.

Концертте қазақтың опера өнерінің бастауында тұрған композиторлардың шығармалары ұсынылады, атап айтсақ көрерменге А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абайы», М. Төлебаевтің «Біржан-Сарасы», Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», С. Мұхамеджановтың «Айсұлуы», Е. Рахмадиевтің «Қамар Сұлуы» сынды туындылар тарту етілмек. Мұнымен қатар бағдарламада көпұлтты еліміздегі қауымдардың мәдениетін паш ететін, әлемдік музыкалық классика мен композиция жауһарлары қамтылады. Салтанатты кештің ажарын «Астана Опера» театрының тамаша солистері, балет жұлдыздары, симфониялық оркестрінің дарынды музыканттары мен хоры ашады. «Астана Опера» театрының режиссері Наталья Кагадий мерекелік шара жайлы бөлісті. - Негізінен концертіміз үш бөлімнен тұрады. Бұл, бірінші кезекте, ұлттық классикалық репертуар. 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланғандықтан, келесі бөлімде орыстың, украинның, башқұрттың, татардың, армянның музыкасы ұсынылады. «Астана Опера» - бұл классикалық театр, сол себепті үшінші бөлім әлемдік классикалық музыканың таңдаулы туындыларына арналады. Концертті мейрамға орай маңызды ұлттық биіміз - «Мереке биі» аяқтайды. Біз қонақжай, берекелі Отанымыздың рухани байлығын, өнерінің жоғары деңгейін көрсеткіміз келеді, - дейді өнер шебері. Ал «Астана Опера» театрының директоры Төлеубек Әлпиев көктемгі Наурыз мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтады. - Бұл мерекенің түп-тамыры сонау адам баласының жазба дәуіріне дейінгі тарихында жатыр. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының шешімімен ол адамзаттың мәдени мұрасының қатарына енді. «Астана Опера» театры астаналық тұрғындар мен қонақтарға, әлемдік музыкалық классиканың қазынасынан орын тепкен қазақ халқының музыкалық мұрасының ең үздік үлгілерімен естен кетпес кездесу сыйлайды. Осы бір тамаша күнде баршаңызға тілерім - отбасыңызда бейбітшілік пен бірлік ұяласын, ал көңілдеріңізде тамаша музыка қалықтасын! - деді Төлеубек Нығметұлы. Концерт екі бөлімнен тұрады, сағат 19:00-де басталады.