Зор сұранысқа ие хореография жауһарларының бірі әлемдік сахналарда 180 жылдан астам уақыт қойылып келеді, Бұл жолы көрермендер қоюшы балетмейстер – «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың нұсқасын тамашалайды.
Алда болатын оқиғаның тағы бір маңыздылығы – спектакльді келешекте елордалық театрдың осы қойылымына зор қызығушылық танытқан «Меццо» француз телеарнасында трансляциялау үшін бұл күндері ол таспаға жазылады.
– Оқиға желісінің негізінде тойға дейін бақилық болған қалыңдықтар жайлы қызықты ежелгі аңыз жатыр. Бұл балетті Халықаралық әйелдер күні көрсетуге әдемілігі сирек хореографиясымен, керемет музыкасымен таңғалдыратыны үшін ғана емес, сондай-ақ онда махаббат, өзін-өзі құрбан ету және кешірім жасау секілді мәңгілік тақырыптар бейнеленгендіктен таңдап алдық. Спектакль сүйсіндіріп, көңіл күймен толтырады, жоғары сезімдерді оятады, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Замана көші алға жылжып, адамның өмірге деген көзқарасы, басымдықтары өзгеріп жатқанымен, ғасырлар бойы әйелдер қауымы отбасы ошағын сақтаушы, игіліктің, тыныштық пен жылулықтың бейнесі болып қала береді. Мереке қарсаңында барлық әйелдерге ризашылығымды жеткізгім келеді. Көңілдеріңізде әрдайым көктем әні шырқалсын, өмірдің әр күні қуаныш, шығармашылық шабыт, бақыт, махаббат пен сәттілік сыйласын. Сіздерге шын жүректен мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат пен жақсы көңіл күй тілеймін, – деп түйіндеді өз сөзін театр директоры.
Жизельдің бейнесін көрсетуді, сірә, күллі әлемнің балериналары армандайтын болуы керек. Бұл рөлде Карлотта Гризи, Анна Павлова, Ольга Спесивцева, Галина Уланова, Наталия Бессмертнова, сондай-ақ «Астана Опера» балериналарына осынау шын мәнісінде күрделі партияның үлгілі орындауын бере білген атақты Алтынай Асылмұратова өнер көрсетті.
Көктемнің шуақты күндері көпшілік көрермен түрлі әртістердің шеберлігін бағалай алады. Айта кету керек, әр орындаушылар құрамы осы хореография жауһарына өз бояулары мен жан толғаныстарын салып, кейіпкерлердің мінез-құлықтарын өздерінше талдайды.
Сонымен, 6 наурызда Жизель партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Операның» жетекші солисі Әйгерім Бекетаева өнер көрсетсе, Альберттің бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев таныстырды, Ганс – Бекзат Орынбаев (дебют), Мирта – Еркежан Жүнісова, Вильфрид – Олжас Әнуарбек, Кіріспе па-де-де – Мөлдір Шәкімова, Айбар Тоқтар. Ал 7 наурызда Жизельді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева алғаш рет орындайтын болса, оның сүйіктісі Альберттің партиясында Данияр Жұматаев дебют жасайды. Ганс – Қуат Кәрібаев (дебют), Мирта – София Әділханова (дебют), Вильфрид – Олег Леонтьев, Кіріспе па-де-де – Шұғыла Әдепхан, Рустам Чахалов. Мереке күні, 8 наурызда Жизельдің рөлінде Анастасия Заклинская өнер көрсетсе, оның сахнадағы жұбы Олжас Тарланов Альберттің рөлінде шығады, Ганс – Бекзат Орынбаев. Мирта – Еркежан Жүнісова, Вильфрид – Олжас Әнуарбек, Кіріспе па-де-де – Аделина Төлепова, Ислам Қайыпбай (дебют).
Қоюшы балетмейстер Алтынай Асылмұратовамен бірге, спектакльдің қойылымында оның ассистенттері – Ресейдің Халық әртісі Константин Заклинский мен Елена Шерстнева жұмыс істеді. Сахна жабдықтары заманымыздың әйгілі сценографы, өкінішке орай, жуырда өмірден озған Эцио Фриджериоға тиесілі. Ғаламат әсемделген сахналық киімдерді костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино жасап шығарды. Дирижер тұғырына мереке күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин шығады. Шығармашылық ұжымның еңбегін осы күндері сағат 18.00-де бағалауға болады.