«Астана Опера» театрында Ұлттық домбыра күніне орай көрме ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Ұлттық домбыра күніне орай «Басты рөлде – Домбыра» атты тақырыптық көрме ашылды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Экспозиция театрдың фойесіне қойылды. Оны осы күндері қойылымға келген көрермендер мен театрға экскурсия жасаған қонақтар тамашалай алады.

Көрме театр шығармашылығындағы домбыраның маңызын айшықтайды.

Бейнематериалдар мен мұрағаттағы құжаттар домбыраның театр өнеріндегі орны мен қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын дәріптеудегі мәнін көпшілікке кеңінен таныстырады.

«Астана Опера» театрының репертуарындағы қазақтың классикалық музыкасы мен тарихи тақырыптарға құрылған ұлттық қойылымдарында домбыраның үні ерекше орын алады.

Солардың қатарында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» опералары және өзге де қойылымдар бар. Бұл туындыларда домбыра кейіпкерлердің болмысын ашып, дәуір тынысын сезіндіріп, сахнадағы оқиғаны ұлттық рухпен сабақтастырады.

Айта кетелік Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстанда 2000-нан астам мәдени іс-шара өтеді