«Концерт бағдарламасында - махаббат сезіміне арналған ең үздік шығармалар: М. Понсенің «Эстрелита» (Мексика серенадасы), Н. Бродскийдің «Be My Love», П. Чайковскийдің «Ертее көктемде болған еді...», Г. Свиридовтың «Купидон құдай», Н. Тілендиевтің «Әжеме», «Ақ сұнқар» және тағы басқа ән мен романстар бар. Э. Элгардың скрипка мен фортепианоға арналған «Salut d'Amour» («Махаббат сәлемі») атты шығармасы орындалады. Оны некелесу күні ағылшын романтик-композиторы өзінің сүйіктісі, жазушы Кэролайн Эллис Робертске сыйлаған», деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
«Қазақ өнерінде біздің халқымызға тән әйел затына деген құрмет көрсету ерекше. Мысалы, «Гауһар тас» халық әнінде берілген махаббат сезімінің пәктігі, ұлылығы мен сұлулығы талай буын тыңдаушыларының жүрегін тебірентеді» дейді музыкатанушы Маржан Жәкенова. Бұл музыкалық шығарманы дарынды жас тенор Нарұл Тойкенов орындайды.
Вокал жанрының шеберлері - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Роза Нүркей, Елена Низамутдинова, Елена Ганжа, Әсем Сембина, Мәдина Исламова, Татьяна Вицинская, Бейімбет Таңарықов, Нарұл Тойкенов, Алмат Избамбетов, Ескендір Әбжанов, Қазбек Дасмұхамбетов, Өміржан Қадыров, Болат Есімханов және Майя Бекназардың (скрипка) қатысуымен қойылатын концерт сүйікті жандарға тамаша сыйлық болып табылады.
Фортепиано партиясында - халықаралық байқаулардың лауреаттары Раушан Бескемпірова, Гауһар Тасбергенова, Ирина Кургузкина, Александра Егорова.