Операны шырқауға аты әйгілі жұлдыздар шақыртылған. Аида партиясын американдық сопрано Кристин Льюис сомдайды. 2010 жылы әнші Савонлинна опера фестивалінде «Жыл әртісі» ретінде марапатталған. «Астана Опера» төрінде Радаместі итальяндық тенор Уолтер Фраккаров шырқайды, әртісті Миландағы «Ла Скала», Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера», Мюнхендегі «Бавариялық мемлекеттік опера» және басқа әлемнің ең беделді сахналары өнер көрсетуге жиі шақырады. Екінші құрамда Радаместің партиясын Италиядан келетін тенор Густаво Порта сомдайды. Тұсаукесердің бірінші күнінде Аманасро партиясын замандастарының ішіндегі ең мықты әншілердің бірі, тембрлі-кең баритон иесі Лука Салси орындайды, екінші күні сахнаға Альберто Газале (Италия) шығады. Марина Пруденская (Мариинский театры, Ресей) бірінші құрамда Амнерис партиясын ойнайды. Екінші құрамда бұл партияны Екатерина Губанова шырқайды. Бұл - итальяндық суретші, продюсер, режиссёр, сценарист, екі дүркін «Оскар» сыйлығының иегері Франко Дзеффиреллидің қойылымы. Сондай-ақ «Астана Опера» төрінің дирижерлік тізгініне теңдесі жоқ канадалық Кери-Линн Уилсон алғаш рет иелік етеді. Қойылымға опера, ерлер және әйелдер хорының солистерінен бастап, балет, оркестр, миманс әртістері мен балаларға дейін, шамамен 200 адам қатысады. Қойылымның бар ауқымдылығы, бірінші және екінші актілер барысында барлық әртістердің санаулы минут ішінде костюмдерін, парик және гримдерін толық өзгертіп тұруы керектігінде. Көлемді және өте күрделі, көп қатпарлы әрі көп қабатты декорациялар көз алдыңда пайда болып, әп-сәтте жоқ болады. Шымылдықтың артында қызмет көрсететін мамандар саны сахнаға шығатын әртістермен бірдей екенін айтудың өзі артық шығар. «Таңғажайып декорациялар мен әр киімге әшекей, белдік, жамылғы, бутафория сияқты 10-15 бұйым тиесілі 400 астам костюмдерді Қазақстанға жеткізу үшін 17 үлкен жүк көлігі керек болған. Көрермен сахнадан тамашалайтын барлық заттың жалпы салмағы 30 тоннаны құрайды», делінген «Астана Опера» театрының хабарламасында.
10:22, 11 Қараша 2014
«Астана Опера» театры көрерменге «салмағы» 30 тонна тартатын «Аида» операсын ұсынбақ (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 19, 21 және 22 қарашада «Астана Опера» және «Ла Скала» көрермен назарына Дж. Вердидің «Аида» операсын ұсынады.