«Астана Опера» театры қойылымдарының билет құны 500 теңгеден басталады - министр

АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театры қойылымдарының билет құны 500 теңгеден басталады.

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысынан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.

«Біз студенттерге 500 теңгеден, жалпы орташа 1000-1500 теңге болады деп ойластырып отырмыз. Әрине, айрықша орындар да бар, бірақ олар байларға арналған», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, елордадағы жаңа «Астана Опера» театры 21 маусымда Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» классикалық ұлттық операсымен салтанатты түрде ашылады. Ал театрдың әлемдік премьерасы қазан айында өтеді. Онда қазақстандық сахнада алғаш рет Дж.Вердидің «Аттила» операсы қойылатын болады.