«Астана Опера» театрында балет кеші өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 16 сәуірде «Астана Операның» үлкен залында хореографияның әлемдік жауһарларының үздік балеттік көріністері көрермен назарына ұсынылады, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Көктемнің осы бір ғажап кешінде балет өнерін бағалайтын қауымды А. Аданның «Корсар», «Жизель», Л. Минкустың «Дон Кихот», П. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Щелкунчик», «Аққулы көл», В. Соловьев-Седойдың «Гопак», А. Бородиннің «Қыпшақтар биі» балеттерінен жарқын көріністер мен әдемі үзінділер, сондай-ақ Д. Шостакович, Э. Хегерти, Н. Тілендиевтің және басқа да ұлы композиторлардың музыкасына орындалатын хореографиялық көріністер баурайды.

Бұдан бұрын осындай бағдарламаны «Астана Опера» Мариин театрына апарып, ресейлік көрерменнің жоғары бағасын иеленіп қайтқан еді. Балет сыншылары нөмірлердің жоғарғы әлемдік деңгейде орындалғанын атап өтті. «Астана Опера» театрының көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Нұрқалиев бұл жолғы концертте бұрын-соңды көрсетілмеген П. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінен Па де де бар екенін және оны Мәдина Баспаева мен Еркін Рахметоллаев паш ететінін жеткізді. «Кез келген партияны орындаған кезде әртіс оны жаңаша ұсынады. Былай қарағанда мәтіні бұрынғы, алайда әр өнер шебері қашанда өзіндік қолтаңбасын, ерекшелігін енгізеді. Біз көрермен назарына классикалық бағдарлама әзірледік, дегенмен онда көрнекті ұлттық нақыштар да, заманауи балеттен де хореографиясы қызыққа толы көріністер болады, айталық, Э. Хегертидің «Бір оқиға» және Д. Шостаковичтің «Ноктюрн» балеттері» көрермендердің ризашылығын тудырарсөзсіз», - деді Т.Нұрқалиев.

Көңіл толқытатын, бояуы қанық әсерлі концертте бірнеше мәрте халықаралық конкурстарда жеңіске жеткен «Астана Опера» балетінің әртістері Мәдина Баспаева, Тайыр Ғатауов, Сержан Кәуіков, Рүстем Сейітбеков, Гауһар Усина, Әнел Рүстемова, Бауыржан Мекембаев, Досжан Табылды, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахметоллаев, Марико Китамура, Әсел Шәйкенова өнер көрсетеді .