«Астана Опера» театрында Қазақстан мен әлемнің 25 елінен келетін театр майталмандары кездеспек
Конференция «Қазіргі заманғы опера өнері: дәстүрлер, жаңашылдық және болашақ» деп аталады.
Бұл күні операның әлемдік мәдениет кеңістігіндегі орны, білім беретін театрлық бағдарлама және жас әртістерді Еуропада оқыту, ірі театрларды басқарудың жаңа әдістері, ұлы орындаушылардың тарихи мұрасы және өзге де өзекті тақырыптар талқыланады.
««Астана Опера» жас театры үшін ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу өте маңызды, себебі пікірталас барысында өткір тақырыптар көтеріледі, біз опера өнері жоғары деңгейдегі елдердің тәжірибесімен танысамыз. Көрермен мен театрдың қарым-қатынасы - бүгінгі күні шешімін таппаған елеулі тақырыптардың бірі. Біз үшін өскелең ұрпаққа операға деген сүйіспеншілік дәнін егу маңызды», - дейді театр директоры Төлеген Мұхамеджанов.
Мұхамеджанов оқушылар мен жастарға арналған білім беретін бағдарлама енгізу театр жоспарында бар екенін атап өтті. «Асқақ музыкалық мәдениетке баулу арқылы білім беру міндетті түрде тұлға ретінде қалыптасуда септігін тигізеді», - деп толықтырды ол.