Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, елорда тұрғындары мен қонақтарын ерекше концерттік бағдарлама күтеді. Көрермен қауымның алдында «Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова мен Талғат Мұсабаев, Армениядан шақырылған бас қонақ, халықаралық байқаулардың лауреаты Саркис Бажбеук-Меликян, фортепиано партиясында - «Мәдениет қайраткері» Елена Сахно өнер көрсетпек.
«Осы жолы елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше концерт ұсынатын боламыз. Кешке қатысатын әрбір вокалистің шығармашылығы көптеген өнер сүйер қауымды үнемі залға тартып, баурайтыны анық. Әртістер тек әріптес қана емес, жақын достар болып кеткен. Музыкалық кештің дайындығына бәріміз бірдей жұмылдық. Көрерменімізге сүйікті орындаушыларымен кездесу бақытын сыйлап қана қоймай, опера жанрының сан алуандығын, мәнерлігін, қанықтығын жаңа қырынан көрсеткіміз келді», - деп атап өтті концерттің авторы Елена Сахно.
Концертте В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсынан Лепорелло ариясы, Дж.Вердидің «Симон Бокканегра» операсынан Фиеско ариясы, «Сицилиялық кешкілік» операсынан Прочида ариясы, «Макбет» операсынан Банко ариясы, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Гремин ариясы, А.Бородиннің «Князь Игорь» операсынан Кончак ханның ариясы және т.б. шырқалады.
«Россия - Культура» телеарнасындағы «Большая опера» халықаралық жобасының Гран-при иегері Салтанат Ахметова Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсынан Чио-Чио-сан монологын, «Турандот» операсынан Лиу ариясын, Дж.Вердидің «Сицилиялық кешкілік» операсынан Елена болеросын және т.б. шығармаларды ұсынады.
Қазақстандық атақты опера солисі Талғат Мұсабаев тыңдаушыларды У.Джорданоның «Андре Шенье» операсынан Жерар монологымен, Дж.Вердидің «Бал-маскарад» операсынан Ренато моноголымен қуантады.
«Махаббатым менің - опера» концерті сағат 18:00-де басталады.