«Астана Опера» театрында «Татьяна күніне» арналған концерт өтеді

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Ертең «Астана Опера» театрының камералық залында «Татьяна күні» атты мерекелік концерт болады, деп хабарлады мәдениет ошағының баспасөз қызметінен.

Концертте П. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан лирикалық көріністер ұсынылады. Шамалы қысқартылған операның жартылай концерттік нұсқасы рояльдің сүйемелдеуімен орындалады.

Көпшілік жақсы білетін Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасының желісі Константин Шиловскийдің либреттосына негіз болған. Онегиннің келуі помещиктер отбасы Лариндердің тынышын бұзады. Ольганың күйеу жігіті Ленский, қалыңдығына көз сала бастаған досы Евгений Онегиннің жеңілтектігінен жекпе-жек кезінде мерт болады. Татьянаның сезімін білдірген хатына теріс жауап қатқан Онегин байқаусызда өз қылығымен қыздың сүймейтін адамға қосылуына себепші болады. Драманың мәні бас кейіпкердің Татьяна Ларинаны сүйетінін тым кеш түсінетіндігінде. Ақырында Евгений жалғыз қалады.

«Көрерменді операның театрланған концерті: костюмдер, тапаншалар, жекпе-жек, жаздан көрініс: маса, шамның жарығымен кітап оқыған Татьяна және тағы басқа да қызықты сәттер күтіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, спектакльдің өзіндік ерекшелігі сақталады», - дейді «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов.