«Астана Опера» театрының дирижері Айдар Әбжаханов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Астана Опера» театрының белгілі дирижері Айдар Әбжахановқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік наградасын табыс етті. Аталған марапатқа лайық деп танылған мәдениет, ғылым, өндіріс және әлеуметтік саладағы мемлекет және қоғам қайраткерлерін марапаттау рәсімі 14 желтоқсанда Мәдениет және ақпарат министрлігінде өтті.

Сахнада жиырма жыл еңбек еткен Айдар Әбжаханов, әлемнің үздік театрларында жұмыс істеп, аты аңызға айналған итальяндық La Scala театрында тәжірибе жинақтаған. Қажырлы еңбегінің арқасында бүгін Айдар Әбжаханов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Дирижер атақ-даңқты ойламайтынын, егер адам сүйікті ісімен айналысса, ешкімнен мақтау мен марапат күтпейтінін атап өтті. «Сахнаға шыққан сайын тыңдарманға композитордың көңіл-күйін, сезімін жеткізуді мақсат етіп шығамын, егер сол мақсатым іске асып, көрермен сол толғанысты сезінсе, көңілінен шықсам, мен үшін бұл кішігірім жеңіс. Дегенмен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғаныма өте қуанышты екенімді мойындау керек. Мемлекет өнер адамының жұмысын бағалап, еңбегіңнің бекер емес екенін көруі - қуантатын жағдай», - дейді Айдар Әбжаханов.

Айдар Әбжаханов 2013 жылдан бастап "Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театрының дирижері. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған. Кейін Санкт-Петербордағы Римский-Корсаков атындағы консерваторияға оқуға түседі.
Bartok Festival Savaria Symphony (Сомбатхей, Венгрия), Золтана Пешко мастер-класында, Венадағы Vidin Philarmonic Orchestra (Австрия) аясындағы Сальвадор Мас Конде мастер-класына қатысқан. 2007 жылы А. Әбжаханов Ла Скала (Милан, Италия) театрында машықтанудан өткен. 2000-2013 жылдар аралығында - К. Бәйсейітова атындағы ҰОБТ дирижері.
Қоюшы-дирижер ретінде іске асырған қойылымдары: «Щелкунчик», «Лебединое озеро» (П.И. Чайковский), «Жизель», «Корсар» (А. Адан), «Коппелия» (Л. Делиб), «Эсмеральда» (Ц. Пуньи), «Сильфида» (Х. Левенсхольд), «Шопениана» (Ф. Шопен), «Карнавал» (Р. Шуман), «Половецкие пляски» («Князь Игорь» операсы, А. Бородин). «Баядерка», «Дон Кихот» (Л. Минкус) және т.б.