4D шоу бірнеше бөлімдерге бөлінеді. Алғашқы оқиға негізіне жалынды жігіт пен айдай сұлу арудың махаббаты туралы қазақтың ертегі-аңызы алынған.
Ежелден халқымыздың Айдың өзіне тартатын әрі тазартатын тылсым қасиеті бар деп сенгені баршамызға мәлім. Көнеден жібі үзілмеген наным халық арасында түрлі зергерлік бұйымдардың пайда болуына ықпал етті. Олар тек сәндік сипатта ғана емес, сиқырлы құпия күшке ие деп есептелді. Айталық, бала дүниеге келген кезде тіл-көзден сақтап жүрсін деп тұмар тағады, кейін де есею жылдарына қатысты алуан қасиеттерге ие бағалы тастармен көмкерілген сырға, белдік, ер-тұрман және музыкалық аспаптар тарту етілген. Мұның бәрі осы бөлімде көрініс тапқан.
Ал «Мақсатқа жету жолы» деп аталатын бөлімі 16-шы жылына аяқ басқан жас Астананың тарихын баяндайды. Осынау қысқа мерзімде қаланың қол жеткізген табыстары, халқының өніп-өсуі, өркендеуі, құрылыс, білім, спорт, экология салаларындағы қол жеткізген жетістіктері, халықаралық деңгейдегі мән-маңызы - мұның бәрі аталмыш қойылымға өзек болады. Ел тәуелсіздігі жылдары елорданың барлық бағытта жан-жақты дамығанын көрсететін диаграмма, кесте түрінде статистикалық көрсеткіші таңбаланды.
Бұл шоу ел тарихындағы айтулы даталарды айшықтай түсіп, әр көрерменге ерекше әсер қалдырмақ. Мұндай тәсіл Қазақстанда алғаш рет пайдаланылады, деп хабарлайды Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабынан.