Еске сала кетсек, бұл шараның бірінші кезеңі ағымдағы жылдың 3 мамырында ұйымдастырылған еді. Ол кезде театр труппасы толық қалыптасқан жоқ болатын, ал бүгінде шығармашылық ұжым 76 адаммен толықты.
Білікті әділқазылар елегінен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина елінің өкілдері өтті. Бақтарын сынаған үміткерлердің жалпы саны 189 адамды құрады.
Конкурс комиссиясының құрамына отандық мамандармен қатар Италия, Германия, Австрия, Ресей елдерінен беделді әділқазылар шақыртылды. Миландағы La Scala театрының академиясы мен Scuola Civica-да вокалдық техникадан дәріс беретін Винченцо Манноның айтуынша, «конкурстық іріктеуден өткен кандидаттар Еуропа ұстаздарының дәріс курсынан өтулері керек. Олардың шеберлік-сыныптарынан жас әншілер дыбысты дұрыс шығару мен дұрыс түсіну негіз болатын ән айтудың ескі әдісін меңгереді. Қатысушылардың барлығы қазақ және орыс тіліндегі арияларды жақсы орындады, алайда итальяндық операға келгенде, әралуан болып келетін батыс мәдениетін түсінуде проблема туындады».
«Бүгінгі таңда «Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы 90% жинақталды. Бұған опера сияқты күрделі жанрда тәжірибелі кәсіпқойлардан құралған беделді әділқазылардың септігі тиді. Үміткерлер ішінен үздік әртістер іріктелді», - дейді «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов.
Іріктеуден өткен конкурсанттар өздерінің шеберлігін үнемі шыңдап отырулары керек, себебі «Астана Операға» олар келісім негізінде қабылданды және өз біліктілігін жыл сайын растаулары тиіс.