«Астана Опера» ұжымы Наурыз мерекесіне арналған концертке шақырады
«Наурыз мейрамы көптеген елдерде атап өтілетіндіктен, концерт бағдарламасына махаббат пен көктемнің оянуына қатысты тақырыптар көрініс тапқан вокалдық және аспаптық өнердің үздік туындыларын енгіздік. Тыңдарманға Е. Хасанғалиевтің «Нұрлы таң», Е. Рахмадиевтің «Таң самалы» және т.б. қазақ композиторларының шығармалары ұсынылады. Осы кеште батыс еуропалық және орыс классиктерінің музыкасы, соның ішінде П. Чайковскийдің «Күн үстемдік еткенде», С. Рахманиновтың «Ол ерте көктемде болатын» және «Көктем сулары», сондай-ақ Р. Штраустың, Ф. Шуберттің, Э. Григтің, Ф. Листтің тамаша туындылары шырқалады», - деп атап өтті концертмейстер Раушан Бескемпірова.
Нұрғиса Тілендиевтің «Қыз Жібек» фильміне жазған «Аққу» күйі камералық зал сахнасында алғаш рет орындалады. Ғажайып композицияны сыбызғышы Балжан Сапарова және қыл қобызшы Раушан Оразбаева ұсынады.
Тыңдарманға ерекше дарынды вокалистер - Жанат Шыбықпаев, Бейімбет Таңарыков, Бибігүл Жанұзақ, Ғалия Байғазинова, Татьяна Вицинская, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Елена Низамутдинова, Қазыбек Досмұхамбетов, Ерұлан Кәмел, Диана Таймушева, Ұлпан Әубәкірова, Аида Кұрманаева, Нұрлан Шауханов, Ермек Берімжанов және «Астана Опера» скрипка ансамблі өз өнерін тарту етеді. Концертмейстерлер - Раушан Бескемпірова, Жанар Ахметова және Ирина Кургузкина.
Концерт 17 наурыз күні «Астана Опера» театрында өтеді (басталуы - 19.00-де).