«Астана Опера» ұжымына 100 пәтер, 100 жатақхана беріледі - Елбасы

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - «Астана Опера» ұжымына 100 пәтер, 100 жатақхана беріледі. Бүгін елордада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

Театр сахнасынан талай-талай жас әртістер қанат қағып, тек Қазақстанға ғана емес, болашақта дүйім дүниеге әйгілі өнер майталмандары дайындалатындығына сенім білдірген Мемлекет басшысы: «Соған байланысты театрдың ұжымына 100 пәтер, жастарға 100 жатақхана бөлінгенін айрықша айтқым келеді», - деді.
Сонымен қатар Елбасы осы театр сахнасынан отандық опера және балет жұлдыздарының өнерлерін тамашалауға мүмкіндік туатындығын баса айтты.

«Ол Еуразия жүрегінде батыс пен шығысты жалғаған Астананың абыройын асқақтата түсері бәрімізге айқын», - деді Н.Назарбаев.