«Астана Опера» жаңа маусымда қандай қойылымдар ұсынады
29-30 қыркүйек күндері «Астана Опера» театрында «Сильфида» балетінің тұсаукесері өтеді. Жаңа маусымдағы жобалар туралы «Астана Опера» театрының тəлімгер ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана Опера» театры 8 қыркүйекте өзінің 11-ші маусымын ашты. Дәстүр бойынша ұлттық классиканың шедеврі – А. Жұбанов пен Л. Хамиди жазған «Абай» операсын жұртшылық назарына ұсындық, осылайша еліміздің бай мәдени мұрасын сақтау мен көбейтудің, отандық авторлар мен орындаушыларды насихаттаудың маңызын көрсеттік. 15 қыркүйекте балет труппасы «Күлше қыз» спектаклін қойды, бұл өте қызықты, стильді, заманауи қойылым, оны әлі көрмегендердің бәріне баруға кеңес беремін. Ондағы сахна безендірілуі, жарық, костюмдер мен реквизиттер, кинематографиялық техникалар көрермендерге үлкен әсер сыйлайды», - деді Р. Сейітбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Осы демалыс күндері Грузия астанасы Тбилисиде театрдың опера труппасының гастролі үлкен табыспен өткен. Бұл қалада «Астана Опера» ұжымы алғаш рет өнер көрсеткен.
«Дегенмен жыл сайын театрдың гастрольдік географиясы кеңейіп келеді. Шетелдегі әрбір қойылым өте жауапты және қызықты шара, өйткені біз театрымыз ғана емес, ел атынан өнер көрсетеміз, шетелдіктерді ұлттық мәдениетімізбен таныстырамыз. Тәжірибе көрсеткендей, бүкіл әлем бізге үлкен қызығушылық танытуда. Сондықтан әрдайым гастрольдік бағдарламаға отандық авторлардың шығармаларын қосамыз – бұл еліміз туралы еш сөзді қажет етпейтін музыка тілімен айтудың тамаша мүмкіндігі», - дейді Р. Сейітбеков.
Қыркүйек – «Астана Опера» үшін өте белсенді ай, 29-30 қыркүйек күндері театрда «Сильфида» балетінің премьерасы өтеді. Онда көрермендерді дәстүрлі шотланд әуендері, сиқырлы кейіпкерлер, қызықты сценарий күтеді. «Сильфиданың» алғашқы премьерасы 1832 жылы Парижде өткен, оның балет тарихында алар орны бөлек.
«Желтоқсан айында балет турппасының «Дубай опера» сахнасындағы гастролі туралы келіссөздер жүріп жатыр, онда жаңажылдық «Щелкунчик» балетін ұсыну жоспарлануда. Өткен жылы Мәдениет министрлігі алғаш рет «Ұмай» ұлттық сыйлығын бекіткенін білесіздер. Биыл да бұл керемет сыйлықты театр сахнасында өткіземіз, жақында байқауға қатысушылардан өтінім қабылдауды бастаймыз. Оған қоса, балалар репертуарында да жұмысты жандандырамыз. К. Байсейітова атындағы камералық зал сахнасында «Бала-театр» атты жаңа жобаны ұсынамыз және Ж. Дастеновтың «Қаңбақ шал» ұлттық балалар операсының тұсауын кесеміз», - деді театр өкілі.
Театрдың тағы бір маңызды жобасы – «Астана Опера» халықаралық опера академиясы. Өткен мерейтойлық маусымда театр алғашқы түлектерін шығарған еді. Жас әртістер негізгі опера тілдері (итальян, француз, неміс), актерлік шеберлік және сахнадағы қозғалыс бойынша дайындықтан өткен.
«Биыл да «Астана Опера» халықаралық опера академиясы жобаға қатысқысы келетін үміткерлерді іріктейді. Әлемнің түрлі елдерінен келетін үміткерлерді үш конкурстық кезең күтеді, қазылар алқасының шешімімен 10 талантты вокалист таңдалады. Олар бір жыл бойы еліміздің бас театрында үздік шетелдік және қазақстандық жаттықтырушылардан тәлім алып, шеберліктерін арттырады», - деді Рүстем Сейітбеков.