Астана Операда дарынды балалар концерт қояды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жазғы демалыстың алғашқы күндерінде «Астана Опера» Камералық залында Балалар күніне арналған «Өнерпаз қырандар» атты концерт өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

1 маусымда елордалық театрдың балалар студиясының дарынды әртістері өз шығармашылығын ұсынады. Концертке «ОкеанАрт» арт-терапия шығармашылық орталығы театрлық мектебінің тәрбиеленушілері (жетекшісі - Татьяна Жаньярова) қатысады. Ішекті аспаптар ансамблін сүйемелдеу үшін жас музыкант-аспапшылар өнер көрсетеді.

Классикалық опера және балеттерден үзінділер орындалатын болады. Олардың ішінде - «Ұйқыдағы ару» балетінен варияциялар, П. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан полонез, Ш. Гуноның «Вальпургиев түні», Л.Минкустың «Дон Кихот», Л. Делибтің «Коппелия», Ц. Пунидің «Эсмеральда», «Армида павильоны», «Қанатты ат» және т.б. балеттерден сахналық көріністер.

Сонымен қатар көрермендерді У.Диснейдің әйгілі «Сұлу мен Құбыжық» мультфильмінің желісімен қойылған мюзиклінен сахналық көрініс қуантатын болады, қоюшы режиссері- Ильяс Даньяров. Хор студиясының ұлдары Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан марш орындайды, дирижері - А. Мұхитдинов.

Шараның режиссері - Наталья Кагадий, «Астана Опера» балалар студиясының жетекшісі, хормейстер - Алтынғаным Ахметова, балет студиясының тәлімгерлері- Назира Заетова, Дина Салауатова, концертмейстерлер - Ирина Кургузкина, Эльмира Сұлтанғазина.