Астана Операда Джузеппе Вердидің «Травиатасы» аншлагпен өтті

АСТАНА. KAZINFORM — «Астана Опера» театрында Джузеппе Вердидің «Травиата» операсы жұлдызды құраммен сахналанып, зал көрерменге лық толды. Әртістерге ерекше құрметтің белгісі ретінде спектакль қатысушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табысталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұл кеште басты партияларды опера өнерінің танымал шеберлері орындады. Виолетта Валери бейнесінде сопрано Мария Мудряк өнер көрсетті. Бұл спектакль әнші үшін ерекше мәнге ие. Осыдан дәл он жыл бұрын Мария Мудряк «Астана Опера» сахнасында осы рөлмен дебют жасаған еді. Осы уақыт ішінде Виолетта партиясы оның шығармашылық өмірінде маңызды орын алып, жаңа эмоциялық және драмалық қырынан ашылды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Альфред Жермон партиясын алғаш рет испандық тенор Жоэль Прието орындады. Оның қатысуы кештің басты оқиғаларының біріне айналды. Әнші үшін бұл жаңа партиядағы дебют қана емес, сонымен қатар Қазақстанға жасаған алғашқы сапары болды. Жоэль Прието Ковент-Гарден, Ла Скала, Париж ұлттық операсы және Зальцбург фестивалі сияқты әлемнің ірі сахналарында өнер көрсеткен.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жорж Жермон бейнесін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Талгат Мұсабаев сомдап, қойылымның драмалық қуатын арттырып, сахналық көркемдігін айқындай түсті. Дирижерлік пультте италиялық маэстро Джузеппе Акуавива тұрды. Солистермен бірге сахнаға «Астана Опера» театрының хоры, миманс әртістері және симфониялық оркестрі шықты.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кетейік, «Астана Опера» Бейбітшілік және келісім сарайында жаңа сахналық алаңын ашқан еді.