«Астана Операда» гала-балет аясында жаңа бағдарлама ұсынылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова көркемдік жетекшілік ететін «Астана Опера» балетінің труппасы елордалық көрермен назарына жаңа концерттік бағдарлама ұсынады, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметінен.

22 мамырда Үлкен зал сахнасында өтетін Гала-балет аясында, XX ғасырдың атақты балетмейстері Ролан Петидің хореографиялық нөмерлері - белгілі «Кармен» балетінен па-де-де және «Менің Павловам» балетінен «Леда мен аққу» па-де-де-сінің тұсауы кесіледі.
Кеште солисттер әлемдік балет классикасының жауһарлары мен заманауи хореография үлгілері - Ц. Пунидің «Эсмеральда» балетінен па-де-сис, Л. Минкустың «Дон Кихотынан» гран-па, А. Аданның «Корсарынан» және Р. Дригоның «Арлекинада» мен «Талисманынан», Б. Асафьевтің «Париж жалынынан» па-де-де, А. Хачатурянның «Гаянэ» балетінен «Қылыштармен биін», Р. Петидің хореографиясындағы «Менің Павловам» балетінен «Таис» және тағы басқаларды орындайды.
Концертке қатысатын классикалық бидің шеберлері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері М. Баспаева, Г. Усина, Т. Ғатауов, Ж. Әубәкіров, Р. Сейітпеков, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ә. Бекетаева, Ә. Рүстемова, Б. Адамжан, Е. Рахметоллаев, Ә. Құсайынова, С. Нақыспеков, А. Оразов, Н. Аймұхаметова, А. Заклинская, Ж. Ахмедиев және басқалары. Сондай-ақ өзінің өнерімен көрерменді «Астана Опера» балеті труппасының әртістері мен дирижер Арман Оразғалиев басшылық ететін театрдың Симфониялық оркестрі қуантады.