«Астана Операда» камералық зал ашылды

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана Опера» театрында камералық зал салтанатты түрде ашылды. Аталған шара Халықаралық музыка күніне орай өтті.

Камералық залдың ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, депутат Дариға Назарбаева қатысты. Ол пианист, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Тимур Орманшеевтің сүйемелдеуімен ән салды. Ал арнайы гала-концертте әлемге әйгілі скрипкашы, ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева өз өнерін паш етті. Сондай-ақ іс-шараға «Астана Опера» театрының жеке орындаушылары, ҚР Еңбегі сіңген әртістер Талғат Мұсабаев (баритон), Жан Тапин (тенор) және «Солисттер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі қатысты. Ұжымның көркемдік жетекшісі - Айман Мұсақожаева, бас дирижері - ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Бақытжан Мұсақожаева. Бағдарламада - Барокко дәуірінің музыкасы. Сол заманның данышпандары Г.Ф. Гендель, И.С. Бах, Т.А. Витали, А. Вивальдидің шығармалары орындалды.

Театрдың баспасөз қызметі хабарлағандай, камералық залдың салтанатты ашылуынан кейін 9 қазанда өнерсүйер қауым үшін «Астана Операның жас дауыстары» атты классикалық музыка концерт ұйымдастырылады.