Бұл туралы «Астана опера» театрының баспасөз қызметі хабарлайды.
Көптеген халықаралық конкурстардың дипломанты Долорес Үмбетәлиева (фортепиано), сондай-ақ «Астана Опера» театры оркестрінің бірінші скрипкашысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов және «Астана Опера» камералық оркестрі тыңдарман назарына Феликс Мендельсон мен Антонин Дворжактың туындыларын ұсынады.
«Тыңдарман он тоғызыншы ғасырдағыдай, бүгін де Романтизм дәуірінің шығармаларын ерекше жалынды және эмоциялық тұрғыдан мәнерлі келетіндігі үшін ұнатады», - дейді Долорес Үмбетәлиева.
Репертуары қазақстандық, ресейлік және шетелдік композиторлардың туындыларын қамтитын тамаша скрипкашы Бағдат Әбілханов өзінің романтикалық музыкаға деген сүйіспеншілігі жайлы айтып берді.
«Мен Дворжактың романсын орындаймын, өкінішке қарай, ол Қазақстанда сирек орындалады, сондай-ақ Мендельсонның оркестрмен орындалатын скрипка және фортепианоға арналған концерті де бар. Мендельсон - романтика тақырыбын қамтыған жарқын композиторлардың бірі. Саздылығымен еш кем түспейтін Антонин Дворжактың музыкасы табиғатты әдемі суреттейді және халқымыздың жүрегіне жақын келеді», - дейді ол.
Музыкадағы Романтизм бағыты XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдары қалыптасты. Музыкатанушы Маржан Жәкенова, композитор-романтиктер музыканың көмегімен адамның ішкі әлеміне терең үңіліп, оның байлығын жеткізуге тырысқанын айтады.
- Романтиктер көбінесе жеке бастың драмасын музыкаға ерекше шынайылық беретін өмірбаяндық реңге бояйды. Сол себепті, дәл осы музыка өзінің өзгешелігімен адам жанының қозғалысын анағұрлым толыққанды жеткізетіндіктен, өнердің мінсіз бір түрі деп жарияланғаны кездейсоқ емес.
Феликс Мендельсон өнерге молынан сусындаған зиялы ортада өсті. Мендельсондықтардың үйіне жиі баратын сол заманның атақты тұлғаларының бірі философ Ф. Гегель, ақын, мемлекеттік қайраткер, ойшыл және табиғат зерттеушісі И.В. Гёте және басқалары болатын. Гектор Берлиоздың айтуынша, «Мендельсонның пианино ойнаудағы шеберлігі, оның композиторлық кемеңгерлігі іспеттес асқақ».