Астана Операның алғашқы гастролері аты аңызға айналған La Scala театры болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның мәдени өмірінде елеулі оқиға. «Астана Опера» театрына алғашқы гастролерлер - La Scala театры келе жатыр, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.

La Scala театры өнерпаздарының құрамында: Николетта Манни (Китри / Дульсинея) және жас, талантты солист Карло Ди Ланно (Базиль), Джузеппе Конте (Дон Кихот), Джанлука Скьявони (Санчо Панса), Алессандра Вассало (көше бишісі), Мик Зени (Эспада), Вирна Топпи (Дриадалар Королевасы), Серена Сарнатаро (Амур), Федерико Фреси (сыған), Мэтью Эндикотт (Лоренцо) және Рикардо Массими (Гамаш) бар.

Миландық театр Астана күніне орай көрермен назарына балеттің жауһарына айналған Рудольф Нуриев өңдеген Л. Минкустың «Дон Кихотын» 30 маусым, 1, 2, 3, 4 шілде күндері ұсынады.

Мәңгілік қойылымның зор ауқымын толықтыра түсетін Рафаэль дель Савио мен Анна Аннидің және костюмдерді іріктеуге ат салысқан Ирен Монтидің испан халқының нақышымен әзірлеген декорациялары мен костюмдері күні кеше Италия көрерменін шаттыққа бөлесе, енді оларды қазақстандықтар тамашалай алады.

Итальяндық театрдың бес күндік гастролі өнер сүйер қауым үшін нағыз мерекеге айналғалы тұр. Рудольф Нуриев жасаған атақты редакциядағы күрделі болып саналатын «Дон Кихот» балеті бүгінде Испания, Мексика, Жапония елдерінде қойылды және күні бүгінге дейін әлемдік театрлардың репертуарында ең көп орындалатыны болып табылады. Аталған спектакльмен La Scala бірнеше рет өзінің театрлық маусымын да ашқан. «Дон Кихот» балетінің мерейі үстем болуының құпиясы мен өміршеңдігі, оның ең талғампаз деген көрерменнің өзін бей-жай қалдырмайтын асып-тасыған шабытты биінде. Спектакльге «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі қатысады. Дирижерлық тізгін маэстро Марчелло Спакаротеллада болады.