«Астана Операның» солисі Мәскеудегі Кремль сарайының көрерменін тәнті етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 наурызда Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль Сарайында қазақстандық әртіс, халықаралық байқаулардың көптеген гран-при иегері, «Астана Операның» жетекші солисі Бақтияр Адамжан өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметінің мәліметінше, Бақтияр Адамжан ресейлік танымал балетмейстер Рудольф Нуреевтің 80 жылдығына орай өткізілген «Рудольф Нуреев. Өткеннен болашаққа» атты әлемдік балет жұлдыздарының гала-концертінде сахнаға шықты.

Осы кеште Б.Адамжан «Эсмеральда» балетінен (Ц.Пуни музыкасы, А.Ваганованың хореографиясы) «Диана мен Актеон» па-де-десі мен «Париж Құдай анасының соборы» балетінен (М.Жарр музыкасы, Р.Петидің хореографиясы) «Квазимодо мен Эсмеральда» адажиосын орындады. Оның сахнадағы әріптесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Операның» жетекші солисі Мәдина Басбаева болды. Мәскеулік көрермен қазақстандық жұпты шаттықпен қарсы алып, әр нөмірінен кейін ыстық ықыласқа бөледі.

Еске салар болсақ, осы рөлдерді бір кездері Рудольф Нуреев асқан шеберлікпен орындаған еді. Ол ХХ ғасырдың ең жарқын бишісі болды. Дәл Нуреевтің өзі ерлер биі саласында нағыз революция жасаған болатын. Ол көзі тірісінде классикалық балетте де, сонымен қатар заманауи хореографияда да бірдей қалыпта қала отырып, аты аңызға айналған тұлға болды.

«Осынау тамаша концерттік бағдарламаға әріптестерім - әлемдік сахнадағы айтулы әртістермен бірге қатысып, өнер көрсету мен үшін үлкен құрмет. Әрине, сөзсіз, бұл осындай мәртебелі жобадағы кездесу қуанышы, тәжірибемен алмасу және «Астана Опера» театры мен елімізді таныту», - деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

Рудольф Нуреевтің мерейтойы құрметіне Мемлекеттік Кремль Сарайының сахнасында дарынды бишіге алғыс-ризашылығын білдіру үшін әлемдік балеттің саңлақтары бас қосты. Концертте бүгінгі таңдағы ерлер классикалық биінің үздік өкілдері қатысты, олардың қатарында: Бақтияр Адамжан (Astana Opera), Иван Васильев (Михайловский театры), Семен Чудин (Ресейдің Үлкен театры), Вадим Мунтагиров (Ковент-Гарден), Денис Родькин (Ресейдің Үлкен театры), Ксандер Париш (Мариин театр), Якопо Тисси (Ресейдің Үлкен театры) бар, сонымен қатар олардың нәзік жанды керемет әріптестері де қатысты.