«Астана - Орал» бағытындағы пойызға жаңа вагондар қосылды

Фото: ҚР Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - «Сары-Арқа компани» жекеменшік теміржол тасымалдаушысы вагон паркін жаңарту үшін желіге тағы жаңа үш плацкарт вагон шығарды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, тасымалдаушы бұған дейін ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы вагонды іске қосты. Жаңа вагондар заманауи жабдықтармен ерекшеленеді. Олардың ішінде кондиционерлер, тоңазытқыштар, арнайы пештер, розеткалар мен гаджеттерді қуаттауға арналған USB-ұяшықтар орнатылған. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау камералары мен 4G-модемдер қойылған, ал қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жолаушыларға QR арқылы пікір қалдыру жүйесі енгізілді.

- Бүгінде компанияның 23 вагоны бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, бұл «Астана – Орал» бағыты бойынша сапарларды қауіпсіз әрі жайлы етеді, - делінген хабарламада.

Осыған дейін «Орал – Маңғыстау» бағытындағы пойызда әйелдер вагоны іске қосылғаны туралы жаздық.

Жолаушылар вагондары паркі толықтай жаңаратыны туралы да жаздық.