Астана Орталық Азияның қаржы орталығы атануға лайық - АҚШ профессоры Н.Рубини

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана Орталық Азияда қаржы орталығына айналуы үшін барлық мүмкіндіктерге ие. Бұл туралы бүгін Нью-Йорк университеті Стерн бизнес мектебінің профессоры, Жаһандық Экономика ұйымының төрағасы Нуриэль Рубини мәлім етті.

Гарвард түлегі 2006 жылдың өзінде әлем экономикасын жаһандық дағдарыс жайлайды деп болжаған болатын.

«Орталық Азияда тек Қазақстанда жаһандық тұрғыда халықтың жан басына шаққандағы табыс көзі өте жоғары деңгейде. Сонымен қатар одан әрі өсу әлеуеті де жоғары, адам капиталының ресурсы да өте жақсы деңгейде. Қазақстанда инфрақұрылымның дамуына да қыруар қаражаттар бөлінуде. Ол қаржының болашақта тиімді үлестірілуі аса маңызды. Осы факторларға байланысты Астана Орталық Азияның қаржы орталығы атануға лайық», - деді ол.

Еске сала кетейік, бұның алдында ҚР Президенті Н.Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесі базасында Астана қаржылық орталығын құру жөнінде шешім қабылдаған болатын.