Астана өзіне жұмсалған мемлекет шығындарын толықтай қайтарды - Н. Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға салынған инвестициялар көлемі 40 есе артты. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс сьезінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков мәлім етті.

"Біздің тариxымыздың жылнамасына Елбасымыздың Астана сынды керемет жобасы жазылған. Ол қаламен біздің халық мақтанады. Оның құрылған кезінен бері қаланың жалпы аймақтық өнімі 156 есе өсіп, шикізаттық емес аймақ үшін жоғары деңгейге - 4 трлн. теңгеден асты. Инвестициялар саны 40 есе өсті. Тек 2015 жылы оның көлемі 773 млрд. теңгені құрады. Ал барлық жылдар ішінде оның көлемі 6 трлн. теңгеден асты", - деп мәлімдеді қала басшысы өзінің баяндамасында.

"Жұмыстың осындай көлемінің арқасында Астанаға жұмсалған мемлекет шығындары толықтай қайтарылды деуге де болады, солай емес пе, Әділбек Рыскелдіұлы!?", - деді әкім сөзіне қосыла кеткен Елбасы.

"Біздің ел тағы бір жаңа қаламен толықты және ол өзін ақтауда", - деп атап өтті Президент.

Әкімнің сөзі бойынша, Астана қаласының мемлекеттік бюджетке салған қаражаты 63 есе өсті және 850 млрд. теңгеден асты.

"Астана қаласының жеке табысы 1997 жылдан бері 29 есеге артты және бүгінде 200 млрд. теңгені құрауда. 2015 жылдан бері Астана елдегі төрт донор қалалардың қатарына қосылды. Бюджеті 50 есе артып, 315 млрд. теңгеден асты. Жыл сайынғы құрылыс көлемі 14 есеге көбейді. Былтыр 1 млн. 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Астанада осы жылдары 150-ден астам ірі әлеуметтік нысан іске қосылды", - деп түйді ойын Ә. Жақсыбеков.