Астана - Павлодар автобанының жырға айналған бөлігі жөнделетін болды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бірнеше жылдан бері бұзылып жатқан 24 шақырым жолға келер жылы асфальтбетон жабыны төселеді.
Астана - Павлодар автобанының бір бөлігі - Шідерті кенті маңындағы нашар жолдың мәселесі он жылға жуық айтылып келеді. Жолдың бұл бөлігі асфальтпен көмкерілген. Жақын жердегі Бозшакөл кенішінің жүк көліктері бұл учаскені үнемі бүлдіріп, елордамен екі ортада жүретін көлік ағынына айтарлықтай кедергі келтіреді. Әсіресе 230-254 шақырым аралығы түнде жүрген уақытта қауіпті.
Жүргізушілердің әлеуметтік желіде жариялаған жанайқайын ақыры «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы естіді.
- «Астана - Шідерті - Павлодар - Успен - РФ шекарасы» автомобиль жолының 230-254 шақырым аралығында, Шідерті кенті маңында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін біздің компанияның павлодарлық филиалы мен «АЗА» мердігер ұйымы арасында шарт жасалды. Бүгінде жол-құрылыс материалдарын дайындау және асфальтобетон заводын мобилизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары 2026 жылы ауа райы қолайлы болған кезде басталады. Бұдан бөлек, биылғы 8 қазаннан бастап мердігер ұйым қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында шұңқырларды жөндейді, - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Павлодар облыстық филиалынан.
Атап өтерлігі аталған жол бөлігінде жүргізушілерден ақы алынбайды. Бірақ қозғалыс жылдамдығын шектейтін жол белгілері орнатылған.
Еске сала кетейік биыл жазда аталған автобан қатты ыстықтан бүлінгені туралы жазғанбыз.
Оның салдарынан бір жеңіл көлік зиян шекті.