«Астана-Петропавл» тасжолында жеңіл көлік бұланды соғып кетті

Фото: Ақмола облысы полиция департаменті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Астана-Петропавл» тасжолында жеңіл көлік бұланмен соқтығысып, екі адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы «Астана-Петропавл» тасжолының 282 шақырымында түнде болған.

«Сағат 23:30 шамасында Щучье бағытында жүріп келе жатқан Audi-80 көлігі «Астана-Петропавл» автожолының 282-ші шақырымында жолдың үстіне шығып кеткен бұланды қағып кетті. Салдарынан көлік жүргізушісі мен 28 жастағы жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды», - деді ведомстводан.

Осы ретте, тәртіп сақшылары көлік жүргізушілеріне жолға шыққанда абай болуға және жылдамдық режимін сақтауға шақырады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жол апатынан бір отбасы қаза тапқанын жазған едік.