Астана полицейлері профилактикалық есепте тұрған тұлғаларды жіті тексеруде

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада өтіп жатқан «Есеп» жедел-алдын алу шарасы барысында бір тәулікте 1 мыңға жуық адам тексеріліп,

98-і түрлі құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында қалалық Ішкі істер департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Қуантай Омарбеков мәлім етті.

Қ.Омарбековтың айтуынша, 1-5 қараша аралығында өтетін жедел-алдын алу шарасына полицияның қосымша күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оны өткізудегі басты мақсат - елорда аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды туғызатын себептер мен жағдайларды жою, қылмыскерлікті ескерту, құқық бұзушыларды есепке алу және оларға заңды шаралар қолдану.

«Астана қаласы ІІД-нің профилактикалық есебінде 4 мыңнан астам адам тіркеуде тұр, олардың 536 -сы - кәмелетке толмағандар. Шара басталған бір тәуліктің ішінде 968 адам тексерілді, оның ішінде 104-і - кәмелеттік жасқа толмағандар. Сондай-ақ, 109 тұлға профилактикалық есепке жаңадан алынып, 4-і әкімшілік қадағалауға алынды», - деп атап өтті ол.

Бір күнің ішінде профилактикалық есепте тұрған 98 адам әртүрлі дәрежедегі бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершіліктерге тартылды, яғни оларға ескертулер жасалып, айыппұлдар салынды. Сонымен бірге, мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған екі азаматтың ісі сотқа қайта жолданды. Тәртіп сақшылары әкімшілік қадағалауда тұрғандарға бақылауды түнгі мезгілде де жүргізетін болады.