Қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы барысында екі күнде жол ережесін бұзудың 224 фактісі анықталды. Оның 38-і қоршаған ортаны ластау (пайдаланылған газ) және шудың деңгейіне қатысты. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол бермеген - 2, автобус рулінде келе жатып телефонмен сөйлескен 17 жүргізуші полицейлер назарына түскен.
Жедел-алдын алу шарасы автобус жүргізушілерінің жол ережелерін бұзу фактілерін анықтауға, техникалық жағдайы сай келмейтін автобустарды пайдалану жағдайларын болдырмауға бағытталған. Сондай-ақ жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін, жолаушыларды тасымалдаудағы бекітілген нормаларды сақтау талаптары тексерілді.
Шараға әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметкерлерінен, Астана бойынша көлік бақылау инспекциясынан, мемлекеттік кірістер департаменті мен қоғам мүшелерінен құралған 10 топ жұмылдырылды.