Астана полициясы есірткі сатушылардың жалпылама портретін жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астананың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Сергей Ильиных есірткі сатушылардың портретін сипаттап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әдетте, мұндай қылмысқа 17-35 жас аралығындағы адамдар тартылады. Әсіресе басқа қаладан келгендер. Олар ақша табу мақсатында келеді, бірақ өздеріне лайықты жұмыс таба алмай, елорда аумағында есірткі өндіру мен тарату қылмысына барады», - деді Сергей Ильиных Есіл аудандық полиция басқармасында өткен брифингте.

Айта кетейік, елордада «Қарасора-2022» жедел алдын алу шарасы кезінде есірткіге қатысты 358 құқықбұзушылық тіркелді.

130 келіге жуық түрлі есірткі, оның ішінде 54 келі марихуана, 61 келі гашиш және 14 келіге жуық синтетикалық есірткі заңсыз айналымнан шығарылды.

Сонымен бірге, 1 маусым мен 31 қазан аралығында елордада есірткі сатудың 60 жағдайы тіркелген.