Астана полициясының кинологиялық орталығы төрт күшікпен толықты

АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығына болашақта құқық қорғау органдарына қызмет ететін төрт күшік қосылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана ПД

— Күшіктердің анасы — із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге маманданған Хлоя Дея атты қызметтік бельгиялық овчарка. Бұл — оның алғашқы күшіктері. Ал күшіктердің әкесі — қызмет барысында талай рет полицейлерге есірткі заттарын анықтауға көмектескен Бакс атты қызметтік ит. Қазір күшіктердің туғанын екі айға болды. Олар өсіп-жетіліп, ойнап, күн сайын қамқорлығына алып отырған кинолог мамандарға үйреніп келеді. Жастары әлі кішкентай болғанына қарамастан, алдағы қызметке жарамдылығын анықтайтын алғашқы сынақтар басталып та кетті, — дейді тәртіп сақшылары.

Фото: Астана ПД

Мамандар күшіктердің мінез-құлқын, белсенділігін, зейінін және болашақ қызметіне қажетті өзге де қабілеттерін бағалайды. Ал алты айға толған кезде бұдан да күрделі сынақ кезеңі өтеді. Осының нәтижесінде әр күшіктің әлеуеті анықталып, қай бағытта даярланатыны белгіленеді.

Фото: Астана ПД

Әзірге төрт болашақ иісшіл ит үшін ойын ойнап, кинологтардың қамқорлығын сезіну маңызды. Ал алда оларды жаттығу, арнайы дайындық және елорда тұрғындарының қауіпсіздігі жолындағы жауапты қызмет күтіп тұр.

Фото: Астана ПД

Бұл Кинологиялық қызмет орталығының бүкіл ұжымы үшін үлкен қуаныш. Көп ұзамай күшіктер елорда полициясының төрт аяқты жауынгерлеріне айналады.

Фото: Астана ПД

Осыған дейін Қазақстан ауған кинологтерін оқытуға және иісшіл иттер беруге дайын екенін жазғанбыз.