НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Astana Pro Team» велоклубының халықаралық Джиро д'Италия көпкүндігіне қатысатын құрамы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде велоклубтың сайтында жарияланды. Велотурнир 3-25 қазан күндері Италияда өтеді.
Аталған жарыста қазақстандық велоклуб сапында Якоб Фульсанг, Александр Власов, Мигель Анхель Лопес, Юрий Натаров, Мануэле Боаро, Фабио Феллине, Вадим Пронский және Оскар Родригес сынға түсетін болды.
Жарыстың спорт директорлары қызметін Александр Шефер, Джузеппе Мартинелли, Бруно Ченьялта атқарады.
Халықаралық турнир 1909 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырыады. Жылма-жыл ол мамыр айында өткізіліп жүрді. Биыл коронавирус инфекциясына байланысты оны өткізу мерзімі кейінге шегерілді.
Бұдан бұрын «Astana Pro Team» велоклубының мүшелері «Tour de France» турына қатысқан болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.