«Astana Pro Team» велошабандоздары үздік нәтижеге қол жеткізеді деп ойлаймын -Алексей Луценко

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Astana Pro Team» велошабандоздары Алматы турында жақсы нәтиже көрсететініне сенімді. Бұл туралы «Алматы тур» веложарысының екі дүркін жеңімпазы Алексей Луценко «ҚазАқпарат» тілшісіне жарыс басталар алдындағы сұхбатында айтты.

«Бүгін жаңбырлы күнге қарамастан біздің команданың ішінен жоғарғы нәтижеге жететіндер болады деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, велоспорт ол командалық ойын, сондықтан жеңіске жетсек, барлығымызға жақсы болады», - деді «Алматы туры» турының басты фавориті Астана кәсіпқой велокомандасының капитаны Алексей Луценко.

Танымал велошабандоз Виченцо Нибали үшін бұл сайыс «Astana Pro Team» командасы сапындағы соңғы жарысының бірі. Италиялық спортшы да ауа райына қарамастан жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысатынын айтты.

Айта кетейік, бүгін Алматыда сағат 09-30-да «Алматы туры - 2016» веложарысы басталды. Велошабандоздар Әл-Фараби даңғылы бойымен жарыса отырып, Мұстафин көшесімен өтіп, Шығыс айналма жолынан кері бұрылады. Бір айналым қашықтығы - 31 шақырым. Жарыс жолының жалпы қашықтығы - 186 шақырым.

Еске сала кетейік, «Алматы туры» биыл төртінші рет өтіп жатыр. Алғашқы рет жарыс 2013 жылы басталған. 2014 жылы UCI Халықаралық велосипедшілер халықаралық одағы веложарысқа ең жоғарғы дивизионның кәсіпқой командалары ойнайтын 1.1 категориясын берді.

Веложарысқа Еуропа мен Азияның 14 командасы қатысады.

Веложарыс әлемнің ең ірі «Eurosport» спорт телеарнасында және Қазақстанның «Kazsport» арнасынан беріліп отыр.

Веложарыстың жалпы жүлде қоры 39 мың еуро. «Алматы турының» жеңімпазы 15 мың еуро, екінші және үшінші орындарының иелері 10 және 5 еуродан алады. Сонымен қатар, 20-орынға дейінгі қатысушылар марапатталады.