Astana Pro Team велошабандозы В.Аньоли Каталония турының алғашқы кезеңінде мәре сызығын екінші болып кесті
Әу баста, В.Аньолидің кезеңде жеңіске таласуы жоспарланбаған болатын. Ол Александр Дьяченкомен бірге команданың штаттық спринтері Андреа Гуардинидің мәредегі спринттік таласқа қатысуына жағдай жасап, пелотоннан ұзап кеткен топты қуып жетуге жұмыс жасауы тиіс еді. Алайда, мәреге 20 шақырым қалғанда Caella-ға көтерілу кезінде пелотон екіге бөлініп, спринтерлерге таңдау жасау мүмкін болмай қалды.
«Шабандоздар тобы құлаған сәтте, Sky өз велошабандоздарына барынша қолдау көрсетіп, олардың қарқынына ілесе алған екі-үш велошабандозбен бірге алға ұмтылды», - деді Аньоли.
«Уиггинс, Родригес, Гесинк, Вальверде - барлығы да таулы кезеңдерде өздерін жақсы сезінеді. Аньоли осындай мықтылармен таласқа түсіп, орын алған жағдайды ескере келіп, кезең қорытындысында екінші орынға табан тіреді. Жарайсың, Аньоли!», - деді Astana Pro Team спорттық директоры Дмитрий Седун.
Бельгиялық Джанни Меерсман кезең жеңімпазы атанып, Испанияның солтүстігінде өтетін жеті күндік велобәйгенің жалпы есебінде көш бастады.
»Меерсман соңғы 200 метрде маған қарағанда жылдам болды. Дегенменде, бүгін тұғырда тұрғаныма қуаныштымын. Команда биылғы маусымда маған үлкен сенім артты, сондықтан жеңіске жету - басты мақсатымыз. Тиррено-Адриатикодан кейін өзімді жақсы сезіндім, Испания бәйгесінде тағы бір рет өз мүмкіндіктерімді сынап көрмекшімін. Ертеңгі кезеңде де жеңіске таласамыз», - деді В. Аньоли.