Астана процесінде соғысты тоқтату режіміне сириялық елді мекендерді көптеп қосу мәселесі талқыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана кездесуінде соғысты тоқтату режіміне сириялық елді мекендерді көптеп қосу мәселесі талқыланады. Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек Тұматов  мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, сириялық кездесудің жалпы отырысы барысында белгілі бір елді мекендердің соғысты тоқтату режіміне қосылуы мәселесі қаралатын болады.

«Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, Астана процесінің практикалық бөлігінің мәні де осында. Соғысты тоқтату режіміне елді мекендер көптеп қосылатын болса, онда бұл сириялық реттеуде оң нәтижелер береді», - деді департамент директоры.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта тараптардың келіссөздері басталғанын, оған Иордания тарабынан жоғары деңгейдегі сарапшылардың қатысып жатқандығын айтты.

«Оппозиция өкілдері келіссөздердің бірінші раундына  қатысқан топтардан келіп отыр. Жаңа топтардың өкілдері жоқ», - деді Тұматов.

Еске сала кетейік, бүгін, 16 ақпан күні Сирия ахуалын реттеуге байланысты Астана процесінің аясында жоғары деңгейде кезекті отырыс өтеді. Сириядағы атысты тоқтатуға кепілдік беріп отырған Ресей, Түркия мен Иран мемлекеттерінің xабарлауынша, отырыста Сирия жерінде әскери іс-қимылды тоқтату режімін сақтау мәселелері, соның ішінде нақты территорияларда аxуалды тұрақтандыру жайы сөз болады деген жоспар бар. Сондай-ақ бірлескен шұғыл топ туралы ереже қабылданып, бітімгерлік режімді күшейту және Женева келіссөздері алдындағы басқа да шаралар талқыға салынбақ. Астанадағы кезекті кездесуге Иордания Корольдігі, Сирия Араб Республикасы, сол жердегі қарулы оппозицияның өкілдері, БҰҰ Бас xатшысының арнайы өкілі С. Де Мистура, сондай-ақ АҚШ бақылаушы ретінде шақырылып отыр. Бұған дейін Сирия мәселесін реттеуге арналған Астана процесінен кейін елордада xалықаралық теxникалық кездесу өткен болатын. Соның нәтижесі бойынша РФ Қарулы Күштері Бас шұғыл басқарма басшысының орынбасары, генерал-майор Станислав Гаджимагомедов мәлімдеме жасаған болатын.