Құжатта тараптардың 2017 жылдың 4 мамырында қабылданған Сирияда деэскалация аумағын құру туралы меморандумның қабылданғанына 6 ай уақыт өткеннен кейінгі жағдайға қанататтанатындығы айтылған. Олар деэскалация аумағы құрылған сәттен бастап терроризммен күресте және ДАИШ, Джабат ан-Нусраны, сонымен қатар Әл-Каидамен немесе ДАИШ-пен байланысы бар өзге де топтарды жоюда ілгерілушілік бар екендігін атап өтті. Бұған қоса, кепілгер елдер олармен деэскалация аумағында және одан тысқары жерлерде күресті жалғастыру үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын екендіктерін қуаттады.
Сонымен қатар Ресей, Иран және Түркия кезекті мәрте сириялық қақтығыстың әскери шешімі жоқ екендігін және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын орындау негізіндегі саяси процесс барысында ғана реттелуі тиістігін кезекті мәрте еске салды.
«Үшіншіден, кепілгер елдер БҰҰ қамқорлығымен Женева процесі аясында Ресейдің Ұлттық диалог конгресін шақыру туралы ұсынысына келіседі. Ресейлік тарап бұл жайында кепілгер елдерге ақпарат берді», - деді бірлескен мәлімдемені жария еткен Қазақстан Сыртқы істер министрі.
Аталған құжатта кепілгер елдер Сирия қақтығысын реттеу жөніндегі 7-ші халықаралық кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және қазақстандық билікке ризашылығын білдірген.
Кездесу қорытындысында тараптар Сирия қақтығысын реттеу жөніндегі жоғары деңгейдегі келесі кездесуді 2017 жылдың желтоқсан айының ортасында Астанада өткізу туралы шешім қабылдады.