Астана процесінің 6-раунды қашан өтетіні белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирия бойынша Астана процесі аясындағы жоғары деңгейдегі 5-ші халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша кепілгер елдер Ресей, Түркия және Иранның бірлескен мәлімдемесін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жанжалды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254-қарарын орындау негізінде саяси жолмен ғана шешуге болады», - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар кепілгер елдер Сириядағы зорлық-зомбылықтың айтарлықтай төмендегендігін құптайтындығын және тараптарды соғысты тоқтату режімін сақтауға шақыратындығы айтылған.

«Деэскалация аумағы шекарасын анықтаудағы прогреске қанағаттанушылық танытамыз және бірлескен жұмыс тобына барлық деэскалация аймақтарының операциялық және техникалық шарттарын соңына дейін жасауды тапсырдық», - делінген ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берген бірлескен мәлімдемеде.

Оған сәйкес, бірлескен жұмыс тобының келесі отырысы 1-2 тамыз аралығында Иранда өтетін болады.

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан билігіне Сирия бойынша жоғары деңгейдегі бесінші халықаралық кездесуді Астанада өткізгені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Біз  Астанада Сирия бойынша жоғары деңгейдегі келесі халықаралық кездесуді 2017 жылдың тамыз айының соңғы аптасында өткізу туралы шешім қабылдадық», - делінген кепілгер елдердің мәлімдемесінде.