Астана процесінің келесі отырысында қандай мәселе көтеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирия дағдарысы бойынша Астанадағы процестің келесі отырысында қандай мәселелер талқыланатыны туралы БАҚ өкілдеріне айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Астанада өтетін келесі кездесуде гарант-мемлекеттер құрылған төрт деэслакациялық аумақтың қаншалықты тиімді жұмыс атқарып жатқанын талқылайтын болады», - дейді министр.

Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде, Сириялық қаруланған оппозицияның өкілдері Астананы барлық мүдделері ескерілетін алаң ретінде көріп отырғанын жеткізді. Сол себепті, олар Сирияның ресми билігімен, гарант-елдердің делегацияларымен және бақылаушы елдермен Астана процесінде бір үстелде отыруға келісімін берген.

 «Сириялық қаруланған оппозицияның әсіресе тұтқындар мен кепілге алынған адамдардың ісіне баса маңыз беріп отыр. Олар гарант-елдер тұтқындар мен кепілге алынған адамдардың мәселесін шешеді деп үміттенеді», - дейді Қайрат Әбдірахманов.

Сирия жақта жұртшылықты алаңдатқан гуманитарлық тұрғыда миналарды жинап алу мәселесі де бар. Сирия аумағында тарихи орындар жетерлік. Олардың көбі ЮНЕСКО қорғауында.

«Бізге берілген ақпарат бойынша, БҰҰ-ның жауапты қызметі бүкіл әлем үшін маңызы бар Сириядағы мәдени нысандарды миналардан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр», - дейді ҚР СІМ басшысы.

Еске сала кетсек, Сириядағы жағдайды реттеу бойынша отырыс Астана қаласында қаңтар айында өткізіледі. Астана процесінің бұған дейін 6 отырысы өткен. 14-16 қыркүйек күндері өткен соңғы кездесудің қорытындысы бойынша, Сирияда төрт деэслакация аумағы құрылғаны жарияланған болатын.

Айта кеткен жөн, Сирия дағдарысы бойынша Астанадағы процестің келесі отырысының қашан өтетіндігі белгісіз.