Астана қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен мемлекеттік сатып алу веб-порталы операторының қызметінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қозғайтын бұзушылықтарды анықтады.
Мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін жылдық тарифті сатып алған кезде пайдаланушылар төлем жасалған күніне қарамастан, веб-портал қызметтерін тек күнтізбелік жылдың соңына дейінғана пайдалана алғаны анықталды. Осылайша, қызмет көрсетудің нақты мерзімі бір жылдан аз болуы мүмкін болған.
Сонымен қатар, жекелеген тарифтердің құны уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген мөлшерлерден асып кеткен. Жүргізілген тексеру барысында аталған қызметтерді көрсету тәртібін және тарифтерді қалыптастыруды реттейтін нормативтік құқықтық актінің жоқ екені де анықталды.
Прокурорлық қадағалау шаралары бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігітиісті нормативтік құқықтық актіні әзірлеп, қабылдады. Аталған актімен құқықтық реттеудегі анықталған олқылықтар жойылып, қажетті өзгерістер бекітілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану жөніндегі шарттардың қолданылу мерзімі енді төлем жасалған күннен бастап келесі жылдың тиісті күніне дейін есептеледі.
— Сондай-ақ қызметтер құны қайта есептеліп, кәсіпкерлерге тарифтер бойынша артық төленген айырма қайтарылды. Қабылданған шаралар 80 мыңнан астам кәсіпкер мен 400-ден астам инвестордың құқықтарын қалпына келтіруге, мемлекеттік сатып алу веб-порталы операторының қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге және бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысуы үшін анағұрлым әділ жағдай жасауға мүмкіндік берді. Жол берілген бұзушылықтар үшін үш лауазымды тұлға заңда белгіленген жауаптылыққа тартылды, — делінген хабарламада.
Астана қаласының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге немесе құқықтарының бұзылуына тап болған инвесторларды 7 (747) 216-15-58 телефонына не 115 Call-орталығына жүгінуге шақырады.
Осыған дейін мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігі халықаралық деңгейде бағаланатынын жаздық.