Астана прокуратурасы инвесторларға қатысты 30-дан астам заңсыз шешімді тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырып, 30-дан астам заңсыз шешімнің жолын кесті.

Фото: Бас прокуратура

Ведомство мәліметінше, бұл бағыттағы негізгі тетік – «прокурорлық сүзгі». Аталған механизмге сәйкес инвесторларға қатысты кез келген шектеу шаралары міндетті түрде прокурормен келісілетін болады.

– Инвесторларға қатысты тексерулер тағайындау, тыйымдар енгізу, әкімшілік іс жүргізуді қозғау немесе талап-арыздарды бастамалау секілді барлық шектеу шаралары «прокурорлық сүзгі» арқылы өтеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар қабылдаған 20-дан астам заңсыз шешімді келісуден бас тарттық, – деді қала прокуроры Ғабит Мұқанов.

Сонымен қатар прокуратура бұл талапты айналып өтіп қабылданған шешімдерді де анықтаған.

– «Прокурорлық сүзгіні» айналып өтіп қабылданған 18 шешім анықталып, олардың күші жойылды. Бұл инвесторлардың заңды құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді, – деп атап өтті ол.

Мәселен, ақпан айында азаматтық қорғау органы прокуратурамен келісусіз модемдер мен коммутаторлар өндіретін кәсіпорынның қызметін екі айға негізсіз тоқтатқан.

– Прокуратураның наразылығы нәтижесінде бұл шешімнің күші жойылып, инвестициялық жоба қайта іске қосылды, – делінген мәліметте.

Қала прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды арнайы байланыс арналары арқылы хабарласуға шақырды.

Айта кетейік, Қазақстанда инвесторлар мен бизнес өкілдері үшін виза рәсімдеу жұмыстары жеңілдеді.