Астана прокуратурасы дәрігерлермен мен полицейлердің есірткі бизнесімен күрестегі олқылықтарын жайып салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының прокуратурасы медицина мен полиция қызметкерлерінің есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмысында олқылықтарды алға тартты. Бүгін Астаан қаласы әкімдігінде Прокуратура жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында қала прокурорының көмекшісі Руслан Әйтімов осы мәселені көтерді.

Прокуратура өкілінің айтуынша, жыл сайын қалалық медициналық мекемелерге есірткіні шамадан тыс пайдалану белгілерімен 300-ге тарта адам түседі екен.

«Соның ішінде олардың төрттен бірі жүйелі түрде осы жағдайды қайталайды. Өкінішке қарай, адамдардың осы санаты құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бақылауынан тыс қалып жатыр. Медициналық мекемелер бұндай оқиғалар туралы құқық қорғау органдарына хабарлама жасамайды, бұл үшін заңнамалық талаптар жоқтығын да алға тартады», - дейді Р. Әйтімов.

Осыған орай, құқықтық олқылықтың орнын толтыру мақсатында есірткі қылмысымен күрестегі ынтымақтастық туралы бұйрық әзірленген. Ол бойынша медицина қызметкерлері есірткіні пайдалану белгілері бойынша көмекке жүгінген азаматтар туралы барлық оқиғаларды хабарлап тұруға міндеттеледі.

«Өкінішке қарай, бұндай бұйрықтың бар екенін тергеушілер білмейді, сосын мәселеге мән берілмей келеді», - деді прокурор көмекшісі. Оның мәліметтеріне қарағанда, аталған бұйрық шыққаннан кейін де медицина қызметкерлері есірткіні пайдалану белгілерімен түскен азаматтарға қатысты 30 оқиға туралы ешқайда хабарлама жолдамаған. Ал есірткіні көп мөлшерде пайдалану салдарынан жүйелі түрде мекемеге түсетіндерді анықтау мақсатындағы журналға сәйкес, 59 нашақордың ай сайын 2-3 мәрте әртүрлі мекемелерге түсетіні анықталған. Осы факті бойынша қалалық прокуратура тамыз айында 4 жедел алдын алу шараларына бастамашылық жасады.

«Прокуратура тарапынан нақты мәліметтер көрсетіліп, тиісті мекен жайлары ұсынылғанымен, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы ондай фактілерден еш нәтиже шығармады», - деді Р. Әйтімов.