Астана прокуратурасы Қоршаған ортаны қорғау бойынша ведомствоаралық комиссияның жұмыстарында өрескел заң бұзушылықтарды анықтады

АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмир Әлиакпарова/ - Астана қаласының прокуратурасы Қоршаған ортаны қорғау бойынша ведомствоаралық комиссияның (ВАК) жұмыстарында өрескел заң бұзушылықтарды анықтады.

«Астана қаласының прокуратурасы 2010 жылдың маусым айында Қоршаған ортаны қорғау бойынша ВАК шеңберінде Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына және ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Есіл департаментіне, атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңнаманың 2009-2010 жылдары орындалуына және қолға алынған шараларға тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде Қоршаған ортаны қорғау бойынша ВАК жұмыстарының нәтижесіз атқарылып жатқандығы, сондай-ақ экологиялық рұқсаттар бұзушылықтармен берілгендігі анықталды», - деп мәлімдеді Қазақстанның Бас прокуратурасынан.

Прокуратура органдары сондай-ақ, ВАК-тың құқықтық дәрежесі осы уақытқа дейін айқындалмағанын, ал комиссия өз компетенциясы шеңберінде қолға алып келген шаралар тек кеңес-ұсыным ретінде болған. Сондықтан олар экологиялық жағдайдың жақсаруына септігін еш тигізбей келген.

Сонымен бірге, құрылтайлық құжаттарда комиссия отырыстары қажеттілік бойынша, бірақ екі аптада бір реттен кем емес өткізілуі тиістігі көрсетілсе, ВАК жұмыс істеп келе жатқан 1 жылдың ішінде отырысты бір-ақ рет өткізген. «Бұл жұмысты ұйымдастыру мәселесіне тек формалды түрде қаралып келгеннің айғағы», - деп атап өтті Бас прокуратурадан.

Оның үстіне Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында сыбайлас жемқорлыққа жол берген жәйттар анықталды. Мәселен, Басқарманың жауапты қызметкері ауаға қалдықтарды лақтыру мәселелері бойынша рұқсат алу үшін экологиялық заңнамамен бекітілген құжаттар тізімін толық қабылдамай, жемқорлыққа жол берген.

Анықталған заңнама бұзушылықтарына байланысты қалалық прокуратура құзырлы орган мен Астана қаласы әкімдігіне ұсынымдар жолдады.