Астана прокуратурасы мектепке дейінгі 37 жеке ұйымның қызметінен заңбұзушылықтарды анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының прокуратурасы мектепке дейінгі тәрбие және білім беру бойынша көрсетілетін қызмет сапасының, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бөлінген ақша қаражатын жұмсау мәселелеріне қатысты жүргізілген тексеріс барысында мектепке дейінгі білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысты игеру кезінде кәсіпкерлердің орындалған жұмыс көлемін тым арттырып жібергенін, аудандық әкімдіктердің ақша қаражатының жұмсалуын қадағаламайтынын, ал жеке жағдайларда бюджеттік қаражаттың қасақана ұрланатынын анықтады.

Тексеріс кезінде мектепке дейінгі 37 жеке ұйымның қызметінде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін жалпы сомасы 26 331,4 мың теңгеге арттыру фактісі анықталды, оның ішінде 24 631,3 мың теңге ықпал ету актілері бойынша бюджетке қайтарылды. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Мысалы, «Бақыт» сәбилер балабақшасы» ЖШС (бұдан әрі - Сәбилер балабақшасы) тексеріс кезінде белгілі болғандай, 2014 жылғы қаңтар мен желтоқсан аралығында сәбилер балабақшасының жауапты тұлғалары орындалған жұмыстар актісіне іс жүзінде сәбилер балабақшасына келмеген 100 баланың мәліметтерін енгізу арқылы мемлекетке 9 млн.теңге (9 305 700) сомасында залал келтірген.

Бұл факт 2015 жылғы 14 ақпанда ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша (аса ірі көлемде жасалған алаяқтық) Астана қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментіне жолданады.

Тергеп-тексерудің нәтижесі бойынша сәбилер балабақшасының лауазымды тұлғаларының кінәсі дәлелденді және олар өз кінәсін мойындап, келтірген залалды толықтай өтеді.

Ағымдағы жылдың 29 мамырында сәбилер балабақшасының директорынан кінәні мойындау туралы іс жүргізу келісімін жасау туралы өтініш-хат келіп түсті.

2015 жылғы 13 маусымда сәбилер балабақшасы басшысының әрекеті ҚР ҚК 182-бабы 3-бөлігінің "б" тармағы бойынша (алдау немесе сенiмге қиянат жасау жолымен меншiк иесiне немесе өзге мүлiк иеленушiге ұрлық белгiлерiнсiз iрi залалға айналған мүлiктiк залал келтiру) қайта сараланып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру тараптардың татуласуы себепті ҚР ҚК 68-бабы 1-тармағының негізінде тоқтатылды.