Астана прокуратурасы өндірістегі қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астана қаласының прокуратурасы қылмыстық қудалау органдарының өндірістік жарақат алу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қабылдаған іс жүргізу шешімдерін тексерді.

Тексеру нәтижесі бойынша техникалық қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.

«2010 жылғы қаңтар айында Астана қаласы ІІД-іне Астана қаласы бойынша мемлекеттiк бас еңбек инспекторынан «7-Ағайын АРТ Строй» ЖШС-нің жұмысшысы О.Серуенбаевтың қайғылы жағдайы туралы арнаулы тергеу материалдары келіп түскені анықталды. Осыған орай, тергеуге дейінгі тексеру нәтижелеріне орай қылмыс құрамының болмауына байланысты аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған еді. Алайда, прокуратура органы материалдарды зерделеу барысында біршама жайт анықталған. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысындағы жұмыстары кезінде «7-Ағайын АРТ Строй» ЖШС басшылары жұмысшыларды тиісті құрылыс басқыштарымен және жоғарыға көтеру техникасымен қамтамасыз етпегені анықталды. Сондай-ақ жұмысшыларға техника қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулықтың талаптарын бұза отырып, тұрғын үй кешенінің 3-ші және 5-ші қабатындағы керамогранитті бекіту жөніндегі кемшіліктерді жою туралы тапсырма берілген. Соның салдарынан жұмыс барысында бір жұмысша 4-қабаттан құлап, жапа шеккен», - делінген баспасөз айғағында.

Осыған орай, қала прокуратурасы тағайындаған сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сүйеніп, қылмыстық іс қозғады.