«Астана» радиосы бейнетрансляциясының ресми тұсаукесері болады

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - Радионы, өзіміздің сүйікті жүргізушілерімізді тыңдай отырып, әркез олардың әлеміне еніп, бағдарламаны қалай жүргізетінін көзбен көріп, танымал тұлғалармен болған сұхбаттарына куә болғымыз келетіні рас.

Міне, осындай таптырмас мүмкіндік таяуда бүкіл елорда жастарына танымал «Астана» радиотолқынында пайда болды. Тікелей эфир студиясына орнатылған веб-камера арқылы енді сүйікті бағдарламаларымызды тыңдап қана қоймаймыз, онлайн режимде көре де аламыз.

«Астана» радиосының www.astanafm.kz сайтына кірсеңіз, онлайн-плеердың орнында экранның жоғарғы оң жағында радиодағы қайнаған тіршілікті визуалды қабылдауыңызға мүмкіндік беретін экран орналасқан. Радиостанцияның батыл қадамын интернет желінің тұрақты да белсенді тыңдармандары қуана-қуана қабылдады. Өйткені «Астана» радиосын сүйіп тыңдайтын барша қауым студиядағы ішкі жағдайды бақылап, тікелей қосылулар мен шығармашылық процестерді тамашалай алады.

Екі апта бойы веб-камера тестік режимде жұмыс жасады. Эфирдің бейнетрансляциясының ресми тұсаукесері 2013 жылдың 20 қарашасында болады. Бұл күні «Астана» радиосының ұжымы тек тыңдармандарына ғана емес, сонымен қатар көрермендеріне де бірқатар тосын сый әзірлеп отыр. «Астана» жастар радиостанциясы болғандықтан, күннің басты тақырыбы - жастар, олардың тыныс-тіршілігі. Барлық сырды ақтармайық. Редакция өзінің ең жақсы жобаларының арнайы шығарылымын әзірлеп жатқандығын ғана айтамыз. Таңғы эфир сіздерді «Ласточка» атты юниор-черлидерлер командасы ұсынатын керемет бимен, КТК командаларының әзілдерімен бір қуантса, кейін «Назарбаев интеллектуалды мектебінің» оқушылары - жас физиктердің ойлап тапқандарын көре аласыздар. Кешкі эфирде - әнші Сон Паскаль, ВИА «Байжан Групп» және тағы басқалары.